Отбасымен музейге

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2018 жылдың 13 қыркүйек күні Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Отбасымен музейге» фестивалі өтті.
«Отбасымен музейге» фестиваліне облыс, аудан көлеміндегі музейлермен тығыз байланыста жүрген танымал 7 өнегелі отбасы қатынасты. Олардың қатарында: Зинуллиндер отбасы (Құрманғазы ауданы), Бермағанбетовтер отбасы (Исатай ауданы), Қарабалиндер отбасы (Қызылқоға ауданы), Жанболатовтар отбасы (Мақат ауданы), Ұзақбаевтар отбасы (Махамбет ауданы), Ақназаровтар отбасы (Жылыой ауданы), Досниязовтар отбасы (Атырау қаласы) болды.
Фестивальге қатысушы отбасылар «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер...» турында жеті атасын таныстыра отырып, отбасының жетістіктерін паш етсе, «Музейдегі ұмытылмас сәттер» турында естелік фото, видеосюжет арқылы музейде өткен сәттерін, оқиғасын баяндады. «Отбасы өнерінде» дайындап алып келген өнерлерін ортаға салса, «Мен сыйға тартқан жәдігер» турында музейге отбасылық жәдігерлерді сыйға тарта отырып, тарихын баяндады.
Қазылар алқасының шешімімен фестивальге қатысушы Қызылқоға ауданынан келген Қарабалиндер отбасы «Ұлағатты отбасы», Құрманғазы ауданынан келген Зинуллиндер отбасы «Тағылымды отбасы», Жылыой ауданынан келген Ақназаровтар отбасы «Өнегелі отбасы», Мақат ауданынан келген Жанболатовтар отбасы «Жарасымды жанұя», Исатай ауданынан келген Бермағанбетовтер отбасы «Парасатты отбасы», Атырау қаласынан келген Досниязовтар отбасы "Өнерлі отбасы" номинациясымен марапатталып ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Отбасылар арасынан отбасы мүшелерінің ұлттық үлгіде киінуімен, жеті атасын әулеттің атасы өзі таныстырып айтуымен, келіннің иіліп сәлем салуымен, тапсырған жәдігерлерінің құндылығымен, балаларының жетістіктерімен алға шыққан Махамбет ауданынан келген Ұзақбаевтар отбасы «Үздік отбасы» болып танылып, Көне Тараз қаласының тарихи орындарына жолдаманы ұтып алды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru