«Астананы құттықтайды – Атырау» көрмесі

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 30 маусым- Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасында Астана қаласының 20 жылдығы, Атырау облысының 80 жылдығы және 1-шілде Ұлттық домбыра күніне орай Атырау облысы көлеміндегі музейлер мен кітапханалардың қорынан «Астананы құттықтайды – Атырау» көрмесі өткізілді. 
Көрме Астана қаласының 20 жылдығына орай Қазақстанның мұнайлы астанасы Атырау өлкесінің 80 жылдық тарихына байланысты музейлер қорында жинақталған құнды жәдігерлер арқылы облыстың тарихымен Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына таныстыру. Облыстың ақын жазушыларының шығармалары мен соңғы мезгілде жарық көрген баспа өнімдерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. 
Көрмеде қойнауы қазынаға толы Атырау өлкесінің тарихы, этнографиясы мен археологиясынан сыр шертер 200-ге жуық жәдігерлер, оның ішінде түп тамырымыздың тектілігін дүние дидарына жария еткен Алтын адам, Хан ордалы Сарайшықтың сырлы әлемінің құнды жәдігерлері қойылды. 
Елбасының Жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күніне орай Астана қаласының тұрғындарына ерекше тарту замана саңлақтары Құрманғазы мен Динаның жәдігерлері сыр шертсе, күй отаны атанған Атырауда дүниеге келіп, қос ішекке замана үнін қосқан Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Ғатау Ибішев, Әсима Ізмұхамбетова, Нариман Үлкенбайұлы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың және т.б. өнер қайраткерлерінің домбыралары насихатталды. 
Сонымен қатар көрмеде Атырау өңіріндегі қылқалам шеберлерінің тамаша туындылары мен кітаптар көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, көрермендерге Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорында жинақталған домбыралар коллекциясынан жарық көрген «Домбыра – дастан» кітабы ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ғ.И.Дүйсенғалиев, Атырау облысы әкімдігі, Астана қаласындағы Атыраулық ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатынасты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru