Губкалар

Каспий теңізінің солтүстік, солтүстік-шығыс жағалауын құшып, ұланғайыр жер аумағын алып жатқан Атырау өңірі табиғи пайдалы қазбаларымен ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қайталанбас табиғи ландшафтарға бай өлке. Соның бірі, Ақтөбе облысымен шекаралас жатқан Ақтолағай қыраты еш жерге ұқсамайтын, ерекше, мүлдем бөлек, тамаша әлем. Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан борлы үстірт бір кездері теңіздің түбі болған. Сондықтан да дәл осы жерлерде тасқа айналған ұлулардың, губкалардың, сегізсәулелі маржандардың, теңіз кірпілерінің және басқа ондаған миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз фаунасы өкілдерінің көптеген қалдықтарын табуға болады.

Солардың бірі Ақкерегершың бор қыратынан табылған қарапайым көпжасушалы теңіз және тұщы су жануарлары губкалары. Тасқа айналған қазба қалдығы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің палеонтология бөлімшесі қорындағы құнды жәдігерлердің бірі. 
Губкалар - омыртқасыздардың бір типі. Олар осыдан шамамен 570 миллион жыл бұрын кембрий дәуірінде пайда болған. Әдетте, олардың денелері бос түтікше тәрізді болып, саңылаулар деп аталатын көптеген тесіктер мен ауыздар қаптап жатады. Губканың ішіндегі саңылаулар көптеген кішкентай шаяндарға, теңіз жұлдыздарына және басқа да мұхит омыртқасыздарына баспана болады. Губкалардың көбі жылы мұхит суларын мекендейді, кейбіреулерін тұщы суларда да кездестіруге болады. Сүзіп қоректенетін жануарлар. Олардың денелерінің ішінде суды жұтып, шығаратын күрделі каналдар жүйесі бар. Су саңылаулардан кіріп, каналдар арқылы әрі қарай өтеді. Каналдар «хоаноциттер» деп аталатын арнайы бұрама сызықтарға жалғасады. Хоаноцит клеткаларының орналасуына байланысты губкаларды: аскон, сикон және лейкон деп үш типке бөледі. 
Губкалардың қазба қалдықтары протерозой шөгінді жыныстарынан табылған

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru