Әскери-теңіз флотының І-ші дәрежелі капитаны Қуанғали Ихаровқа арналған «Теңіз тарланы» атты тарихи-тағылымдық сабағы

Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде № 21 Ж.Жабаев атындағы орта мектептің оқушыларына  14 қараша 2017 жылы  сағ: 12.00-де Әскери-теңіз флотының І- ші дәрежелі капитаны Қуанғали Ихаровқа арналған «Теңіз тарланы»  атты тарихи-тағылымдық сабақ ұйымдастырылды.

Сабақ жас ұрпақ санасына Әскери-теңіз флотының І- ші дәрежелі капитаны жерлесіміз Қуанғали Ихаровтың өмірі мен  ерлігін таныстыру арқылы олардың білімдерін толықтыру, ой еркіндігін ояту, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілді.

Қуанғали Ихаров  1923 жылы Атырау облысы  Нарын құмында Жанбай, Сартөбе деген жерде дүниеге келген.Ата – анасынан ерте айырылып, жетінші сыныпта оқып жүргенде әуелі әкесі, сосын анасы Ақкенже қайтыс болғаннан кейін, ағасы Кәкімнің қолында  тәрбиеленді. Балалық шағы қиыншылықпен өткен Қ.Ихаров 1938 жылы Бакудегі теңізшілер техникумына оқуға түседі.

1941 жылдың тамызында бітірген соң, майданға аттанады. Cоғыс кезінде берілген  тапсырманы жауапкершілікпен атқарып, медаль – ордендермен марапатталды.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 

1946 жылы Ленинградтағы вице – адмирал С.Макаров атындағы Жоғарғы әскери - теңіз училищесін (1946 ж.) Владивостоктағы Әскери Академия жанындағы командирлер курсын (1949 ж.) тәмамдады. Міне, осындай теориялық жағынан қаруланған, өмір тәжірибесі мол, былайша айтқанда отқа да түскен, суға да батқан ол соғыстан кейінгі бейбіт күндерде де біраз қиындықты бастан өткерді. Соғыстан кейінгі жылдары Тынық мұхитта «Щука» кемесінің капитаны ретінде Қытайдың Шанхай қаласын атқылаған АҚШ – тың атақты алтыншы флотының «Техас» ленкорын Шығыс Қытай теңізінде су түбіне батырып, аспан асты елі тарихында мәңгілік атын қалдырды. «Ленин», «Қызыл Ту», үшінші «Даңқ» Александр Невский, бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» сынды 9 орден, 18 медальмен марапатталды. Жау қолынан азат етілген бірнеше қаланың Құрметті  азаматы  атанды.

Қуанғали Ихаров 2003 жылы өмірден өтті.

Сабақ барысында Қ.Ихаров туралы мәлімет бере отырып, музей экспозициясында құжаттары туралы жас буын өкілдеріне кеңінен түсіндірілді. Сабақ соңынан өз пікірлерін білдіріп музей ұжымына алғысын білдірді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru