Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арнап «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» тақырыбындағы экспедициясы

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай жеке тұлғаларды   ұлығылау, тарихи орындарды  анықтау  мақсатында 2017 жылғы 22-23 мамырда Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арнап «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» тақырыбында Алаш партиясының белсенді қайраткері Х.Досмұхамедовтың туған жері Қызылқоға ауданындағы Халел ставкасына,  ұстазы Ы.Шөрековтың жерленген жері - Сорқуыс маңына  және т.б. тарихи орындарға жергілікті өлкетанушылар мен алаштанушы, тарихшы - ғалымдар, музей мамандары және БАҚ өкілдерінен құралған тарихи экспедиция ұйымдастырды.

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипованың жетекшілігімен болған экспедицияның құрамында шежіреші, баба ұрпағы Аманжан Мұғалімов, Қазақстанның Құрметті журналисі, халықаралық жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабай, ғалым атын еншілеген білім ордасы – Атырау мемлекеттік университетіндегі «Халелтану» оқу-зертханасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Базарғалиев пен филология мамандығының 1-курс студенті, жас алаштанушы Заманбек Шакиров, музей мамандары Ерлан Тілекқабылов, Қалыбек Өтешов, Айсана Бағытжанова, аймақтық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары Фархад Байдаулетов, облыстық мұрағат қызметкері Рима Каримова, «Қазақстан Атырау» телеарнасының тілшісі Дина Құспанова мен Атырау газетінің тілшісі Амандық Абдолов қатынасты.

Экпедиция құрамы аудан басшысы Мақсот Мұқанов: - Атырауда, әсіресе, «қаймағы бұзылмаған қақпақты қара қазан» аталатын Қызылқоғада тарихи орындар өте көп. Оның барлығын біліп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа сол күйінде жеткізуіміз керек. Осыны мақсат еткен экспедиция мүшелеріне оң сапар тілеймін, - деді өзінің қабылдауында.

Мұндай жылы қабылдау мен қызу қолдауға музей басшысы Рашида Ерімқызы да алғысын білдірді: «Елбасы өз мақаласында атап айтқандай, өткенсіз болашақты болжау мүмкін емес. Атыраудан шыққан атақты ғалым қай жерде дүниеге келген, ата-анасы кім, олар қайда жерленген, міне, осының бәрін жастарға теориядан бөлек, тәжірибе жүзінде түсіндірген жөн. Халел сол кезде елді жайлаған оба ауруына қарсы күрес комиссиясын басқарған. Өзінің білім-білігінің арқасында биліктен қаражат бөлгізген. Онымен қоймай, осы жерде бала да оқытқан. Қиын заманда осындай көп міндетті қатар атқарған оның ерекше тұлғалығы еріксіз қайран қалдырады. Мұны келер ұрпақ білуі тиіс!»

23 мамыр күні экспедиция құрамы аудандық тарихи-өлкетану музейі, Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп пен мәдениет үйінде болып ауданның зиялы қауым өкілдерімен, шежіреші қариялармен, өлкетанушылар  және мектептің тарихшы ұстаздарымен, оқушылармен бас қосу өткізді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru