ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» көшпелі көрме

 

16.1Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай «Тәуелсіздік- мәңгілік ел мұраты» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.

Тәуелсіздігіміздің басталу тарихын және Тәуелсіздік жылдарындағы Атырау өңірінің кешенді дамуын, киелі мұралар ордасы музейдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін кеңінен насихаттау мақсатында жасақталған көрме 3 бөлімнен:

 1. Тәуелсіздіктің жемісі һәм жеңісі Сармат көсемі - Алтын адам;

 2.  Атырау өлкесінің сан ғасырлық тарихын кеудесіне басқан сармат   

     кезеңінің ескерткіштері Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарынан 

     табылған жәдігерлер;

 3. «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» тәуелсіздікке қол жеткізу және 

    Тәуелсіздік жылдарындағы Атырау өлкесінің жетістіктерін    

    бейнелейтін фотосуреттер мен жылнамадан тұрды.

Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегендеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ғасырлар бойы бабалар аңсаған тәуелсіздіктің туын көтерді.  Әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық  қатынас орнатты. Қазақстан өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралады, өзінің көп қырлы саясатын қалыптастырды, ұлттық сана мен ұлттық танымға үлкен өзгерістер енгізді. Ұлттық идеологияның, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары белгіленіп, Бүгінде Қазақстан кемел ел, ынтымағы жарасқан мемлекетке айналды.

Алғашқы бөлімде Сарматтар тарихы, Аралтөбеден табылған Алтын адамның тарихы банерге ілінсе, заттай жәдігерлерден  Сармат көсемі – Алтын адамның реконструкциясы, алтын әшекейлер, қыш ыдыстар, жебе ұштары қойылды.

Екінші бөлімде Сармат ескерткіштері Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарының  тарихы, зерттелуі жайлы деректер банерге ілінсе, музей мамандарының қазба жұмысы кезінде табылған заттай жәдігерлері: қол айналар, моншақтар, сүйек қасық, қыш торсық, ақинақтар витринадан орын алды.

Үшінші бөлімде  Нұрсұлтан Әбішұлын әлемнің аса ірі басшылары мойындаған қазақ мемлекетінің ең алғашқы басшысы, дүние жүзіне әйгілі саясаткерлердің бірі болғандығын және қазақ елінің тәуелсіздік алған жылдан бастап, әлеуметтік-экономикалық саяси өмірі мен даму тарихының шежіресінен сыр шертетін жылнамасы, сондай-ақ, ел егемендігі тұсында бой көтерген әсем қала астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының көркейіп, гүлденген көрінісі, осы жылдар аралығындағы даму үрдісін көрсететін тарихи сәттен алынған фотосуреттер ілінді.    

Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарындағы Атырау облысының даму тарихы мен жетістіктерін,  Атырау қаласы атауының өзгеруі туралы қаулысы, Елбасының  Атырау облысына іс-сапармен келуі, Индустрияландыру картасы шеңберінде  жүзеге асырылған жобалар бойынша мекемелер тарихы тәуелсіздік жылдарына дейінгі бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласының осы күнге дейінгі бейнесі мен әсем ғимараттарының бүгінгі жарқын келбеті көрсетілді. 

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару бағытында  «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламалалық мақалалары жүзеге асырылып отыр. Осы бағдарлама аясында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласы Ресей этнографиялық музейінде «Алтын адамды» шетелдіктерге таныстыру мақсатында ұйымдастырылған  «Золотое наследие Казахстана» көрмесін 28 мыңнан астам көрермен тамашалағанын ілтипатпен жеткізген аталмыш музейдің директоры В.М.Грусманның облыс әкімі Н.Ноғаевқа және музей ұжымына жеткізген алғыс хаты орын алды.

Көрмеге барлығы 506 жәдігер қойылды.

Көрмені тәуелсіздік күнінің салтанатты шарасына жиналған ел ағалары, еңбек ардагерлері, қала тұрғындары мен қала қонақтары тамашалады.

16.1 16.2

16.3 16.4

16.5 16.6

16.7 16.8

16.9 16.10

16.11 16.12

16.13 16.14

16.15 16.16

 

 

КГКП «Атырауский областной историко-краеведческий музей»


г. Атырау, улица Б. Момышулы, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru