Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі – Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1939 жылғы 22 шілдедегі № 23 «Облыстық музейді ашу туралы» қаулысымен ашылған. Ал 1940 жылы 5 қарашада жалпы көлемі 240 шаршы метрлік орыстың бұрынғы шіркеу үйі (1886 жылы негізі қаланған, қазіргі Әйтеке би, бұрынғы Орджоникидзе көшесіндегі №14 үй) орнында ресми түрде ашылып, барлығы 300-дей жәдігермен алғашқы көрерменін қабылдады.

Қазақстан мұнайының 100 жылдығына байланысты 1999 жылы 3 қыркүйекте лайықталып өңделген Б.Момышұлы көшесіндегі № 3, екі қабатты бұрынғы мәдени – ағарту училищесі ғимаратына көшірілді. Ғимараттың жалпы көлемі - 3658 шаршы метр, экспозициялық көлемі – 916,72, қор сақтау бөлімі 89,19 шаршы метрді құрайды. Музейдің  ашылуы рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қатынасып, қолтаңбасын қалдырды.

Өлке шежіресінің ордасына қаланың орталығынан орын беріліп, халықтың өз тарихымен жақын танысуына, музей қызметкерлеріне жаңа ғасыр табалдырығын жаңа ізденіспен бастап, көне ғасырлар қойнауынан бастау алар төл тарихымызды сан қырынан жарқырата көрсетуіне мүмкіндік туды.

Бүгінгі күні өлке тарихының негізгі кезеңдерін зерттеп, білім алудың дерек көздеріне айналған музейдің қорында 59 298(01.07.2016) (бөлімшелерімен қоса есептегенде 93040) жәдігер жинақталған.

Музейдің 9 бөлімшесі, оның ішінде 3 аудандық, 1 қалалық, 4 ауылдық музей және 1 тарихи-қорық жұмыс жасайды. Олар:

- Құрманғазы аудандық музейі ;

- Исатай аудандық музейі;

- Индер аудандық музейі;

- Палеонтология музейі;

- Х.Ерғалиев атындағы музей;

- Елтай ауылдық музейі;

- Б.Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музейі;

- Махамбет Өтемісұлы атындағы әдеби- мемориалдық музейі;

- М.Өтемісұлы атындағы тарихи – қорығы.

Музейде ғылыми қор, жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу, археология ғылыми-зерттеу, этнография және өлке табиғатын ғылыми-зерттеу, экспозициялық-көрмелік жұмыс, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімдері жұмыс жасайды.

Бүгінде музейдің құнды жәдігерлері«Тылсым дәуір», «Этнография», «Археология», «Өлке табиғаты», «Өлке тарихы ХІІ-ХХ ғ.І – ші жартысы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Өлке мәдениеті мен әдебиеті», «Қазақстан Тәуелсіздігі» экспозициялық залдары арқылы көрермен назарына ұсынылған.

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі 10:00 - 18:00
Сейсенбі 10:00 - 18:00
Сәрсенбі 10:00 - 18:00
Бейсенбі 10:00 - 18:00
Жұма 10:00 - 18:00
Сенбі 10:00 - 18:00
Жексенбі 10:00 - 18:00

Кассаның жұмыс уақыты:
10:00 - 17:30

Әр айдың соңғы жұмасы тазалық күні