Музей жаңа экспозициялық залмен толықты

18 қараша күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай рухани байлық пен игі дәстүрлердің жалғастырушысы саналатын киелі орын Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы дала жауһары» залының ашылуы салтанаты өтті.

2017 жылы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Қызылқоға ауданының Миялы қорғандар тобына жататын археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Соның нәтижесінде Атырау  өлкесінің қойнауы тек қазба байлыққа ғана емес, сонымен қатар тарихи құндылыққа толы екенін аталған қорғаннан табылған алтын жапсырмалар, қола қазан, жебе ұштары, құмыралар және басқа да артефактілер, жалпы саны 250-ге тарта тарихи құндылықтармен алтын киімді әйел адамның реконструкциясының заманауи үлгісі көрермен назарына ұсынылды.

Қазақ елінің баға жетпес мұрасы «Ұлы дала жауһары» алтын киімді әйел адамның реконструкциясының шымылдығын ашу құрметі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов пен Махамбет Жолдасқалиұлына ұсынылды.

Шара барысында сөз алған  «Ұлы дала жауһары» реконструкциясының авторы белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков тарихи құндылығымыздың жасалу жолын көрермендерге түсіндірсе, Илия Жақанов ата-бабамыздың мәдениеті мен этнографиясынан мағлұмат берді.

Аталмыш көрмені Миялы қорғандарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов қазба жұмыстары мен нәтижесінде табылған жәдігерлерді кеңінен  таныстырды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru