Бөлімшелер

Құрманғазы аудандық музейі

Құрманғазы аудандық музейі 1963 жылы құрылды. Музейде аудан тарихын, экономикасын, мәдениеті мен өнерін, жануарлар дүниесін көрсететін жәдігерлер тақырыптық жүйе бойынша төрт бөлімге бөлінген. Олар: «б.з.д. ІІғ - ХХғ. I жартысы аралығындағы өлке тарихы», «Этнография және табиғат», «1918 – 1990ж.ж. аудан тарихы», «Өлке мәдениеті және әдебиеті» экспозициялық көрме залдары жасақталып, көрермен назарына ұсынылған.

Музейдегі әрбір жәдігер өлкенің өткені мен бүгінін білуде өзіндік құндылығымен ерекшеленеді. Өңірден шыққан тарихи тұлғалардың, аудан дамуына ерен еңбектері мен үлестерін қосқан тұлғалардың суреттері, олардың өмір тарихынан деректі құжаттар, денсаулық сақтау, халық ағарту саласында атқарылған елеулі істердің шежіресін баяндайтын мұрағаттар, бағалы зергерлік әшекей бұйымдар жалпы саны 11196 жәдігер жинақталған.

Ұлттық салт дәстүрімізді, көненің көзіндей сақталған тарихи құнды жәдігерлерімізді насихаттап, жас ұрпақты ел тарихын қастерлеуге тәрбиелеу – Құрманғазы аудандық музейінің тағылымдық, тәрбиелік жұмыстарының арқауы болып жалғаса бермек.

Исатай аудандық музейі

И.Тайманұлы атындағы музейі халық батыры И.Тайманұлының 200 жылдығын Республика көлемінде мерекелеуге байланысты 1991 жылы 21 қыркүйекте ресми түрде ашылды.

Музей экспозициясы Исатай ауданының тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері, соғыс және еңбек ардагерлерінің өмірі мен ерлікке толы еңбек жолдарынан сыр шертеді.

Музей қорында өлкенің қалыптасуы, дамуы, өркендеуі жолынан сыр шертетін мұрағаттық құжаттармен қатар құнды жәдігерлер жинақталған. Қазіргі таңда музей қорында 5673 жәдігер сақталған.

Индер аудандық музейі

Индер аудандық музейі 1990 жылы қыркүйек айынан бастап Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі болып ашылды.

Музейде аудан тарихы, Индер ауданының ардақтылары, Ұлы Отан соғысы кезеңі, этнография, өлке табиғаты экспозициялық залдары бар. Залдарда аудан тарихының деректері, қазақ халқының даңқты ұлдары Махамбет Өтемісұлының, Мұрат Мөңкеұлының, діни ғұлама Әйіп қажы Бекенұлының тұрақты экспозициялық көрмелері және сонымен бірге мамонт сүйектері, халқымыздың ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары, тағы басқа да көптеген құнды бұйымдар мен құжаттар жалпы саны 5185 қор сақталымы бар.

Музей өз жұмысының бағыттары мен мазмұнын соңғы кезеңнің талаптарына сәйкес жетілдіріп, жас ұрпақтың білімділігін арттырып, ел тарихын қастерлеу мақсатында көрмелер мен тағылымдық мәдени шаралар өткізеді.

 

Палеонтология музейі

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің палеонтология бөлімшесі 2003 жылы 12 ақпанда облыстық әкімшіліктің №44 бұйрығы негізінде құрылды.

Музейде жинақталған жәдігерлердің бірегейлігіне әлемдегі көптеген музейлердің қорынан құндылығымен ерекшеленеді. Бұл жерде жинақталған жәдігерлердің барлығы өлкеміздегі Ақкегершін, Ақтолағай бор тауларынан табылған. Ақкегершін бор тауы Құлсары қаласынан 60-70 км қашықтықта болса, ал Ақтолағай бор тауы Ақтөбемен шекаралас жерде орналасқан.

Музейде акула, скаттардың тістері, тасқа айналған плезиозаврлардың сүйектері мен омыртқалары, ұлулар, сонымен қатар 100-150 млн. жыл бұрын өмір сүрген зілдердің, жүндес мүйізтұмсықтардың, алғашқы жабайы өгіздердің және бұғылардың сүйектері т.б. жалпы саны сегіз мыңға жуық жәдігер бар.

Музейдің негізгі бағыты: миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген жануарлардың пайда болуы, олардың тасқа айналған қазба қалдықтары, ең алғашқы организдер (губкалар, маржандар, молюскілер, қос жақтаулы ұлулар, аммониттер, белемниттер, теңіз кірпілері т.б) олардың тіршілік ету ерекшеліктері, түрлері, көбею сатылары мен жойылып кету себептері туралы келген көрермендерге мағлұматтар бере отырып, мектеп оқушыларына танымдық-тағылымдық сабақтар өткізіп, жылжымалы көрмелер ұйымдастыру болып табылады.

 

Х.Ерғалиев атындағы музейі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Атырау облысының Құрметті азаматы Х.Ерғалиев атындағы музейі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 мамырдағы №466 қаулысы негізінде құрылып, ресми түрде ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 2007 жылы ашылды.

Музей қорында Х.Ерғалиевтің жеке тұтынған бұйымдары (шапаны, бөркі, көзәйнек,портфелі, асатаяғы, жазу үстелінің бұйымдары), шығармалары мен қолжазбаларының түпнұсқалары сақталған. Сонымен қатар музей экспозициясында ауданның алғаш құрылған жылдары елді ұйымдастырған, шаруашылық тізгінін ұстаған, қандай салада болмасын ерлік істері мен бүкіл өңірді даңққа бөлеген аға ұрпақ өкілдерінің жеке тұтынған бұйымдарымен қоса есептегенде 382 жәдігер бар.

Музей жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп, онда ақынның шығармашылығы мен ерлікке толы өмір жолын насихаттауға арналған танымдық сабақтар, мәдени кештер өткізіліп тұрады.

 

Елтай ауылдық музейі

Елтай ауылдық музейі қоғамдық негізде өткен ғасырдың 80-ші жылдары құрылып, ресми түрде 2000 жылы ашылды.

Музей көрермендері өлкеден шыққан есімдері елге танылған қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құжаттары туралы деректермен таныса алады.

Музейде түрлі мәдени шаралар, тағылымдық сабақтар, ардагерлер мен жастардың кездесулері өткізіліп, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ат салысады.

Б.Нысанбаев атындағы «Әскери даңқ» музейі

Атырау облысы Мәдениет басқармасының 2011 жылғы 29 сәуірдегі №83 бұйрығына сәйкес Б.Нысанбаев атындағы «Әскери даңқ» музейі құрылды.

Музей қорында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының басталуы және Боран Нысанбаевтың өмірі мен ерлігі, туған-туыстары, майдандағы ерліктерін бейнелейтін деректер мен жәдігерлер, «Кеңес Одағының Батыры» атағы туралы КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығы, сонымен қатар Б.Нысанбаевтың бейітінен әкелінген топырақ, снаряд жарқыншағы, соғыс кезінде пайдаланылған жауынгерлік гимнастерка мен пилотка, Боран бюстісі жалпы 346 жәдігер бар.

Музей жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп, батырдың ерлікке толы өмір жолын насихаттауға арналған танымдық сабақтар мен мазмұндағы шаралар өткізіліп тұрады.

 

М.Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейі

М.Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейі 2012 жылы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі болып құрылып, 2013 жыл М.Өтемісұлының туғанына 210 жыл толуына орай ресми түрде ашылды.

Бүгінде музей қорында батыр бабамыздың өмірі мен ерік жолын насихаттайтын мұрағаттық құжаттар мен қатар құнды кітаптар, жәдігерлер жинақталған.

М.Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық музей ұжымы бүгінгі күні облыс, аудан мен ауыл тұрғындары және қонақтарына батыр бабаның өмірі мен шығармалары жөнінде кеңінен мәліметтер беріп, батырлығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында еңбек етіп келеді.

 

М.Өтемісұлы тарихи-қорығы

М.Өтемісұлы тарихи – қорығы 1992 жылы құрылды. Махамбет мазарына Беріштің белгісі шоқы белдеу өрнектеліп, күмбезі шалқайта киілген дулыға тәріздес кескінделіп, ұшар басына үшкіл тас орнатылуы батыр мазарына батырдың айбынын беріп тұрғандай.

2003 жылы бабамыздың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында қорыққа күрделі жөндеу жүргізіліп, қорық алаңына ағаштар отырғызылып, мазарға баратын жол абаттандырылды.

Тарихи – қорық қызметкерлері 1836-1838 жылдардағы көтеріліс көсемдерінің бірі ақберен батыр, дауылпаз ақын М.Өтемісұлының, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, арқалы ақын, жыр дүлділі М.Мөңкеұлының жоңғар басқыншылығына қарсы күресте батырлығымен, әрі тапқырлығымен танылған Малайсары бидің өмір жолдарын, әдеби мұралары мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырады.

Қорыққа шет елдерден, республиканың түкпір-түкпірінен баба рухына тағзым етуші қонақтар жиі келіп тұрады.

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі 10:00 - 18:00
Сейсенбі 10:00 - 18:00
Сәрсенбі 10:00 - 18:00
Бейсенбі 10:00 - 18:00
Жұма 10:00 - 18:00
Сенбі 10:00 - 18:00
Жексенбі 10:00 - 18:00

Кассаның жұмыс уақыты:
10:00 - 17:30

Әр айдың соңғы жұмасы тазалық күні