Жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу бөлімі

Жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің негізі музейдің алғаш ашылуы жылдарынан бастау алады.

Жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің басты міндеті - өлкеміздің тарихын, ата-бабаларымыздан қалған көне көз мәдени мұраларды жинақтау, тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен қызметін баяндайтын деректер мен материалдарды зерттеу болып табылады. Осы зерттеулер нәтижесінде өлке тарихына қатысты «ХІІ-ХХ ғасырдың І жартысындағы өлке тарихы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Өлке мәдениеті және әдебиеті», «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» экспозициялық залдары тарихи құндықытарымен жасақталып, көрермен назарына ұсынылған.

Бөлім қызметкерлері «Қазыналы Қызылқоға тұнған шежіре», «Қасиетті Жылыой – ұлттық қолөнер ордасы» және тағы да басқа ғылыми – экспедицияларға қатынасып музейдің қорын толықтыруға өз үлетерін қосып келеді.


 

Археология ғылыми-зерттеу бөлімі

Археология ғылыми-зерттеу бөлімі археологиялық зерттеулер жүргізу, музейдің ғылыми қорындағы археологиялық жәдігерлерге сараптаулар жасап, оларды хаттап құжаттау, археологиялық тақырыптарға түрлі көрме экспозицияларын жасақтаумен айналысады. Сонымен қатар, археологиялық экспедициялар ұйымдастырып, облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге қазба және барлау жұмыстарын жүргізеді. Осы экспедициялар нәтижесінде, жаңадан анықталған тарихи-мәдени объектілерді қорғауға алу үшін, арнайы қорғау тізіміне алуға уәкілетті органдарға ұсыныстар береді.

Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің музейдегі негізгі қызметінің бірі - көрмелік жұмыстар бойынша да бөлім мамандары көрермендерге толыққанды ақпараттарды жеткізу функциясын жүзеге асырады. Бұл кездегі бөлім мамандарының негізгі мақсаты - көне жәдігерлерді көрермендер назарына ұсына отырып олардың тарихымызға деген қызығушылығын ояту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жәдігерлердің маңызын түсіндіру және көрермендердің рухани мәдениетін арттыру.

Бөлім мамандары облыс аумағындағы Нарын және Тайсойған құмдарына археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ерте темір кезеңінің Қылыш, Борсық, Жангелді, Қызылқабақ қорғандары мен ортағасырлық Таскешу керуен-сарайының, Ақтөбе қалашығының қазба жұмыстарына қатысты.


 

Ғылыми қор бөлімі

Музейдің ғылыми қор бөлімі музей қорын толықтыру, есепке алу, музейлік заттарды ғылыми тұрғыда зерттеу, өңдеу, сипаттап жазу, оларды таңбалау, сақтау орнын ұйымдастыру, түгендеу, тексеру болып табылады. Музей қорының құрылымы мен құрамы негізгі, ғылыми көмекші және қосымша қордан құралады.

Музейдің ғылыми қорында - тарихи маңызы бар құнды музейлік фото-құжаттар, археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық жәдігерлер, нумизматикалық материалдар, этнографиялық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақтар, бейнелеу өнері туындылары топтастырылған.

Бүгінде музейдің жалпы қор саны 59298 (01.07.2016 ж.), оның 29204 негізгісі, 30094 қосымша қорды құрайды. Музейдің ғылыми қорында жинақталған жәдігерлер коллекцияларға бөлінген. Атап айтқанда:

· Палеонтологиялық;

· Археологиялық;

· Нумизматика (қағаз, тиын ақшалар, орден-медальдар, жетондар);

· Тулар, вымпелдер, ленталар;

· Көне кітаптар, кітаптар, фотоальбомдар, карталар, фотопортреттер;

· Пластинкалар, аудио, видео кассеталар, СD, DVD дискілер;

· Музыкалық аспаптар;

· Киімдер;

· Тоқыма бұйымдары (кілемдер, бау-басқұрлар, таңғыштар, шашақбаулар, сырмақтар, алашалар, текемет, түс киіздер);

· Киіз үй ағаштары;

· Қару-жарақтар;

· Аң-құстар тұлыптары, көркем суреттер, мүсіндер, темір, жез бұйымдар, ағаш бұйымдар, ұлттықорталықтар, аралас заттар, ат әбзелдері, қамшылар және т.б.


 

Экскурсиялық – бұқаралық жұмыс бөлімі

Экскурсиялық – бұқаралық қызмет көрсету бөлімі экскурсиялық бағдарламаларды жасақтап, музей экспозициясының тақырыптары бойынша әдістемелік құжаттарды дайындап, экскурсияларды, лекцияларды, жылжымалы көрмелерді және кешенді шараларды ұйымдастырады.

Бөлімнің негізгі міндеті:

· Музейге көрермен тарту;

· Экскурсия бағдарламаларын жетілдіру және ұйымдастыру;

· Экскурсиялар, бұқаралық мерекелік шараларды ұйымдастыру;

· Жарнамалық-хабарландыру жұмысын жүргізу, көрмелер, тұсаукесер өткізуге БАҚ-ты қатыстыру;

Бөлім қызметкерлері қала мен облыстық оқу орындарымен, туристік және басқа да мекемелермен қарым-қатынасты нығайтып, музей экспозицияларының көрмелеріне, экскурсиялары мен лекцияларға, шараларға келушілерді тартады.

Өлке тарихына және музей жұмыстарына байланысты конференция, семинар, ғылыми отырыстарда ғылыми баяндамалар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар беріп, өлке тарихын насихаттайды.

Бөлім жанынан «Жас саяхатшылар» клубы құрылып, жұмыс жасайды.


 

Экспозициялық, көрмелік жұмыс бөлімі

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде экспозициялық, көрмелік жұмыс бөлімі 1990 жылы құрылып, осы жылдардан бастап экспозициялық залдар жасақтау, жеке тұлғалардың ғұмырнамаларынан деректі фильмдер түсіру, мекемелерден музейлендіруге тапсырыстар қабылдау, музей бөлімшелерінің музеефикация жұмыстарында кеңестік-ұсыныстар бере отырып, тәжірибелік көмек көрсету жұмыстары жолға қойылды.

Музей қорындағы жәдігерлерді келешек ұрпаққа, қала қонақтарына насихаттау мақсатында облыс көлеміндегі атаулы күндер мен тарихи тұлғаларға қатысты көрмелерді жоспарға сай (уақтылы) және тоқсанына бір рет ұйымдастыру, музей құндылықтарын жұртшылық назарына ұсыну үшін жаңа экспозициялар мен уақытша көрмелерді құру, әдебиеттер мен деректерді зерттеп ғылыми тұжырымдама жасау, көрме эскиздерін жасақтау, экспонаттарды орналастыру әдістерін жетілдіру, экспозицияны қайта жаңғырту, атаулы көрмелер мен жылжымалы көрмелердің жабдықталуын қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып келеді.

Музейаралық байланыстарды нығайту мақсатында Ақтөбе облысына «Көне дүние күмбірі» (2006), Оңтүстік Қазақстан облысына «Ғасырлар қазынасы» (2007), ҚР Тұңғыш Президенті музейіне «Жайық жағалауы сыр шертеді» (2008), ҚР Ұлттық Музейіне (2015), Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет күндеріне (2015), «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне «Ғасырлардан сыр шерткен - Атырау» (2016) тақырыбындағы жылжымалы көрмелер ұйымдастырды.

Музейде «Өлке мәдениеті мен әдебиеті», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстан Тәуелсіздігі» экспозициялық залдарын жасақтады.

Облыс көлеміндегі қоғамдық негізде құрылған музейлерге музеефикация жұмыстарын жүргізеді.


 

Этнография және өлке табиғатын ғылыми-зерттеу бөлімі

Этнография және өлке табиғатын ғылыми-зерттеу бөлімі қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерттеп, жинақтап жас ұрпаққа насихаттайды.

Сонымен қатар өлке табиғатының өткені мен бүгінгі тарихын, зерттелуін, өткен дәуірдегі және қазіргі кезеңдегі флорасы мен фаунасын жинақтап, зерттеп, оны халыққа, болашақ ұрпаққа жеткізумен айналысады.

Бөлім қызметкерлері ғылыми ізденістер жүргізу, жинақталған деректерді сұрыптау және нақты тұжырымдар жасау, оларды музей қорына тапсыру, облыс аумағындағы этнографиялық экспедицияларды ұйымдастыру, түрліше тақырыптарға көрмелер мен экспозицияларды жасақтау, мәдени шаралар мен тағылымдық сабақтар өткізу, этнограф, эколог, геолог ғалымдармен, зергерлермен, қолөнер шеберлерімен кездесулермен қатар ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында бөлім қызметіне қатысты тақырыптарда мақалалар жазу, сұхбаттар беру, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында жергілікті телеарналармен біріккен түрде тележобалар ұйымдастыру бөлім жұмысын одан әрі толықтыра түседі.

Бөлім қызметкерлерінің қатынасуымен құнды тарихи деректер жинақтау, этномәдени мұраларды зерттеу және музей қорын толықтыру мақсатында Жылыой (2003), Қызылқоға (2006), Құрманғазы аудандарына (2007) этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Экспедиция барысында ел арасында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ата-бабамыздан мирас болып жеткен көне бұйымдар: зергерлік әшекейлер, тоқыма, қолөнер бұйымдары, ұлттық киім түрлері, үй-тұрмыстық бұйымдары және тарихи құжаттар алынып, музей қоры құнды жәдігерлермен толықты. Сондай-ақ, бөлімнің ұйымдастыруымен «Атырау табиғатының бүгіні және болашағы» атты экологиялық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.


Жұмыс уақыты

Дүйсенбі 10:00 - 18:00
Сейсенбі 10:00 - 18:00
Сәрсенбі 10:00 - 18:00
Бейсенбі 10:00 - 18:00
Жұма 10:00 - 18:00
Сенбі 10:00 - 18:00
Жексенбі 10:00 - 18:00

Кассаның жұмыс уақыты:
10:00 - 17:30

Әр айдың соңғы жұмасы тазалық күні