Тоқыма бұйымдары

Қолөнердің халықтың қажетіне пайдаланатын тамаша үлгілері өте көп. Солардың бірқатары қазақ халқында өрмек тоқу, алуан түрлі кілем, бау, басқұр, алаша, қоржын, аяққап тоқу мен текемет басып, сырмақ сыру, тұскиіз жасау сияқты өнері ең бір қажет және мейлінше кең дамыған кәсіптің түрі. Жүннен әр түрлі бұйымдар жасау қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің аса маңызды кәсібі санатына жатады. Қазақтың дәстүрлі кілем тоқымашылығы және жүннен, киізден тоқыма бұйымдарын дайындау ісі өткен ғасырларда Атырау өңірінде кеңінен дамып, ерекше орын алған. Олардың қатарына қоржын, керме, дорба, қаршын, тең (боғжама), атжабу, жержастық сияқты сан алуан бұйымдар жатады. Күні бүгінде бұл бұйымдардан әсіресе қоржын, дорба түрлері ғана арнайы шеберханаларда тапсырыс бойынша түрлі маталардан оюларды қиып жапсыру арқылы дайындалады.

 

Алаша. Қызыл, қызыл-сары, жасыл, көк түсті иірілген жүн жіптерден термелеу әдісімен тоқылған 24 қатар жолақтан құрастырылған. Жолақтар бойына қызыл, жасыл, көк түсті қазмойын өрнегі қайталанып өрнектеліп, араларына алақұрт өрнегінен су жүргізілген. Екі жаны қызыл-сары түсті пүлішпен көмкерілген. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қосшағыл селосының тұрғыны З.Бекбауова 2013 жылы тапсырған.

 

Алаша. Қызыл, сары, көк түсті иірілген жүн жіптерден жүз теру тәсілімен тоқылған. 18 қатар жалпақ жолақтардан құрастырылып тігілген алашаға қошқар мүйіз жәнеқармақ өрнектері қайталана өрнектеліп, жолақтардың арасы ақ түсті ирексу өрнегімен ажыратылған. Алашаның екі жаны көк, қызыл, сары, қара, ақ, ақшыл қызыл түсті иірілген жүн жіптермен көмкеріліп жиектелген. Атырау қаласының тұрғыны Ж.Жетпісбаева 2001 жылы тапсырған.

 

Түкті кілем. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында 1970 жылы дайындалған. Көліне қара түсті төрт шатыргүл өрнегі терілген, бір суы, екі қорғаны бар, екі шеті шашақты қызыл кілем. Шатыргүл өрнегінің ішіне құс ізі, тышқан ізі, шаршы өрнектері салынып, ортасындағы екі шатыргүл ішіне әтештің суреті бейнеленген. Сырты айнала көк, сары түсті сынықмүйіз, қосмүйіз өрнектерімен үшкілдене жиектелген. Кілемнің жиегіне ақ түсті тіс өрнегінен бір қатар су жүргізіліп, жиегіндегі қызыл және сары түсті екі қатар қорғанына шаршы, қосмүйіз, қазмойын өрнектері айнала тізбектелген. Кенересі айнала қара түсті жүн жіптен тоқылып, екі шетіне желі жібінен шашақ шығарылған.

Атырау қаласының тұрғыны Е.Еркінғалиев 1999 жылы тапсырған.

 

Түкті кілем. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында 1970 жылы жасалған. Көліне төрт самауыргүл өрнегі терілген, төрт суы, бір қорғаны бар, екі шеті шашақты қызыл кілем. Қара түсті самауыргүл өрнегінің ішіне балдақ, тісті шаршы, қосмүйіз өрнегі салынған. Сыртына қосмүйіз өрнегі көлденең өрнектелген. Қолтықшасы қара, сары, көкшіл түсті қармақ, қосмүйіз өрнектерімен екі қатар үшкілдене өрнектеліп, көлі айнала қосмүйіз өрнегімен жиектелген. Кілемнің жиегін айналдыра ашамай, итқұйрық өрнектерінен екі қатар су жүргізіліп, арасындағы қорғанына қошқармүйіз және ботакөз өрнегі симметриялы түрде салынып, тізбектелген. Кілемнің ұзына бойы екі кенересі қоңыр түсті жүн жіптен тоқылған. Екі шетіне қызыл, қоңыр түсті жүн жіптерден жолақ жүргізіле тоқылып, желі жібінен шашақ шығарылған.

Атырау қаласының тұрғыны Е.Еркінғалиев 1999 жылы тапсырған.

 

Сырмақ. Жүн жіп. Сырмақтың өң бетіне қызыл түсті шет ою, құсмойын өрнегі айнала тізбектеліп, жасыл түсті қошқар мүйіз өрнегі бейнеленген. Қорғанында дәл осындай өрнек қайталанады. Атырау қаласының тұрғыны Е.Еркінғалиев 2000 жылы тапсырған.

 

Текемет. Жүн жіп. Текеметтің өн бетіне үш шаршы өрнегі салынған. Шаршының ішіне қызыл түсті қосмүйіз өрнегі бейнеленген. Текеметтің жиегіне айналдыра қызыл түсті шет ою өрнегі өрнектеліп, жиектері айнала бекітіліп тігілген. Текеметтің бір шетінде «Лаура» деген жазу бар. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Р.Баракова 2013 жылы тапсырған.

 

Қоржын. Түкті етіпкілем тоқу тәсілімен тоқылған қанық қызыл түсті қоржынның қалталарының орта тұсына екі қатар етіп көп сатыланған табақ өрнегі бейнеленіп, ішіне қызыл түсті фонға көк, сары түсті ашамай өрнегі салынған. Қолтықшаларына сол өрнектің жартылай көрінісі тоқылып, жиегіне алақұрт, аламоншақ өрнектері желісін айналдыра өрнектелген. Екі жанынатіс өрнегі қоңыр түсті қызыл жолаққа төрт қатар жүргізіліп, арқалығына сары, қызыл түсті геометриялық жәнезооморфты өрнек тоқылған. Ұзына бойы екі жанына қоңыр түсті жұмыр өрім баудан жиек бастырылып, қалталарының аузын ілмелеп байлауға арналған жұмыр өрім бау тоқылған. Бұрыштарына күлтелі шашақ тағылып, артқы жағы қызыл түсті жүн жіптен түксіз етіп тығыз тоқылған. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Н.Сисембердиева 1992 жылы тапсырған.

 

Қоржын. Түкті етіпкілем тоқу тәсілімен тоқылған қоржынның қалталарының орта тұсына сары, қара, қызыл түсті шаршы өрнегі тоқылып, ішіне сары, қара түсті ирексу өрнегінен бірнеше қатар жолақтар жүргізіліп, ортасынаботакөз өрнегі тоқылған. Жиегіне екі қатар қызыл, сары түсті аламыш өрнегі жүргізіліп, қоржынның екі басын қосып тұрған арқалығына қызыл, қоңыр, сары түсті жіптерден шаршы өрнегінің ішіне сынық мүйіз өрнегі өрнектелген. Ұзына бойы екі жанына қоңыр түсті жіптен өрілген баудан жиек бастырылып, қоржынның ауызын ілмелеп байлауға арналған жұмыр өрім бау тағылған. Етегіне түкті геометриялық сынық мүйіз өрнегі тоқылып, айналдыра екі қатар қызыл, сары түсті тұмарша өрнегі бір-біріне беттестіріле салынып, жиегіне айналдыра тіс, иттабан өрнегі жүргізілген. Арты түксіз етіп тұтастай тығыз тоқылған. Қоржынды Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қосшағыл кентінің тұрғыны Ж.Таганова 1982 жылы тапсырған.

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі 10:00 - 18:00
Сейсенбі 10:00 - 18:00
Сәрсенбі 10:00 - 18:00
Бейсенбі 10:00 - 18:00
Жұма 10:00 - 18:00
Сенбі 10:00 - 18:00
Жексенбі 10:00 - 18:00

Кассаның жұмыс уақыты:
10:00 - 17:30

Әр айдың соңғы жұмасы тазалық күні