Музей қоры Ұлы Абай тұтынған бұйымдармен толықты

Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау мақсатында биыл Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейімен келісім жасалып, музей қорына ақынның жеке тұтынған үш шекті тұмар домбырасы мен тоғызқұмалақ тақташасының көшірмесі жасалды.

Қазақстанның Шығыс өңіріне кеңінен таралған үш шекті домбыраның айырмашылығы шектің санында, ал қоңыр үні құлаққа өте жағымды, әрі тындаушыға үлкен рухани әсер сыйлайды.
Бұл домбыраны кезінде Абайдың өзі және ақынның ұлы Ақылбайдың қолданғаны белгілі. Кейіннен Ақылбайдың ұлы Исрайлға мұра болып қалған домбыра талай облыстық, республикалық деңгейлердегі байқауларда иесіне серік болған.
Үш шекті домбыра тұтас ағаштан ойылып жасалған. Домбыра үш құлақты, мойыны жалпақ, шанақ қақпағы ұсақ шегелермен бекітілген, үш шағын ойығы бар, жоғары тиегі жоқ, мойынға бес перне байланған тұмар деп аталатын домбыра Жидебайдағы Абайдың өз үйінің төрінен орын алған.
Абай Құнанбайұлы қазақтың ұлттық дәстүрлі тоғызқұмалақ ойынын өте жақсы көрген. Ол өзінің алдына келген ақын шәкірттерімен бірлесіп, тіпті ұйықтамай екі-үш күнге дейін ойнайтын болған. Ойынды жақсы көргені сондай жеңбей тынбайды екен. Ақын сонымен қатар дойбыны да шебер меңгеріп, үнемі мықтылармен бағын сынаған. Бұл ойынды таңдауы бекер емес, себебі ол адамның сана-сезімі мен сауатын артырады екен.
Тоғызқұмалақ тақтасы ағаштан ойып жасалған. Тақта ортасындағы екі қазан гүл пішінді. Жинап алып жүруге ыңғайлы болу үшін тақта үш бөлікке бөлініп, өзара топсалармен бекітілген.

ФОТО

Local history museum of Atyrau region


Atyrau city, street B.Momyshuly 3.

Tel. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru